Түркиялық шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қарамен кездесу
Кеше (22.09.2022 ж.) Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этногорафия институттары бірлесіп Түкиядағы Мимар Синан Өнер университеті Тарих кафедрасының профессоры, ғылым доктор, түрколог-ғалым, шоқайтанушы Әбдуақап Қарамен кездесу ұйымдастырды.
Әбдіуақап Қара Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988-1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Еуропа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді.
Кездесуді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этногорафия институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі, т.ғ.д., профессор З. Қабылдинов жүргізіп отырды. Сондай-ақ З. Қабылдинов қонаққа Тарих және этногорафия институтының «Құрметті профессоры» атағын берді және үш томдық «Қазақстан тарихын» тарту етті.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, ф.ғ.д., профессор Д. Мәсімханұлы сонау Анадолы жерінен атамекеніне зиярат етіп келген ғалым Ә. Қараның өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ғалымның кездесуге уақыт бөлгенінк алғысын білдіріп, Шығыстану институты атынан мерейлі 60 жасқа келуіне орай арнайы құттықтау хатпен бірге «Шығыстану ғылымына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен бірге қонаққа қазақтың қара домбырасын, институт ғалымдарының кітаптарын тарту етті.
Одан кейін сөз алған кездесудің қонағы Ә. Қара кездесуге шақырған екі институттың басшыларына алғысын білдіре келе, шетелдегі қазақтар жайлы және өзінің өмір жолы мен ғылыми шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.
Кездесуге қатысқан екі институттың ғалымдары, докторанттары мен магистранттары ғалымға қойған өздерінің сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды
Кездесудің тағы бір қонағы, танымал әнші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова жырдан шашу шашты
Екі сағатқа созылған мазмұнды кездесудің соңында уақыт бөліп келгені үшін қадірлі қонаққа алғыс айтылып, естелік суретке түсті.