Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми конференция өтті

403

Биыл Жошы ұлысына – 800 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың басында есімі елімізге белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетінін айтқан болатын. 

Міне, бүгін, 25 қыркүйек  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты сол бастаманы қолға алды.  Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Шығыс дереккөздеріндегі қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. 

Алтын Орда және Қазақ хандығының тікелей сабақтастығы мен өзара байланысының тарихын ғылыми тұрғыдан ұғынуды көздеген конференция шеңберінде қазіргі кездегі отандық шығыстану дамуының өзекті бағыттары мен кейінгі орта ғасырларда отандық және дүниежүзі тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыруда іргелі сипаты бар маңызды теориялық және практикалық мәселелер талқыланды.

Аталған халықаралық ғылыми-конференцияға Жапония, Украина, Қырғызстан және Ресей сынды шет мемлекеттердің ғалымдары мен отандық жетекші және жас шығыстанушы ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен студенттер қатысты.

Конференция шымылдығын Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы ашып береді. 

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі заман талабына сай, азат санамен, қателіктерден мүлде арылған, шетелдік құнды деректермен толықтырылған жүйелі, жаңа сападағы Қазақстан тарихын жазу туралы мәселе көтерген болатын. Кейін осы ұсыныстың негізінде Қазақстан тарихының 7 томдығын жазу туралы шешім қабылдады. Қазір Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты осы бағытта жұмыс істеуде. Оған біздің әріптесіміз, Ұлттық ғылым академиясының корреспандент мүшесі, профессор, белгілі шығыстанушы ғалым Меруерт Қуатқызы жетекшілік етуде. Сонымен қатар, біздің институт ғалымдары ат салысуда. 

Өткен жылғы ұлттық құрылтайдың отырысында мемлекет басшысы Жошы ұлысының 800 жылдығын мемлекет көлемінде атап өту туралы тапсырма берді. Міне, 2024 жылы жыл басынан бері Жошы ұлысының 800 жылдығы республика көлемінде аталып өтілуде. Аталып өтілу деген ас ішіп, аяқ босату емес. Шын мәнінде, Қазақ хандығының түп тамыры, бастау көзі – Жошы ұлысының құрылуымен оның тікелей байланысуымен негіздеу», – деді Дүкен Мәсімханұлы.

Сондай-ақ, ол Қазақ хандығының бұрынғы Алтын ордадан бөлінген мемлекеттермен сабақтастығын да айта кетті.

«XIII ғасырда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы Жошы ұлысында орын алған оқиғалардың, сол ұлыстағы әлеуметтік-саяси, этникалық және мәдени, сондай-ақ шаруашылық-экономикалық байланыстар, әртүрлі этникалық қауымдастықтардың бірігу үрдістерідің кейінгі Қазақ хандығының құрылуына қолайлы жағдай жасап қазақ мемлекетінің ішкі әлеуметтік құрылымының да, басқару моделінің де негізін салғанын айта кету жөн. Тарихшылар еңбектерінде баяндалатын «федерализм синдромы», көшпелі мемлекеттер территорияларының «қанаттарға» бөліну дәстүрлері һәм дала аймағының әлеуметтік-саяси құрылысы Жошы кезінен бастау алады. Осы тұрғыдан қарағанда, Жошы ұлысының тарихын терең зерттемей, Қазақ хандығының да тарихын зерделеп түсіну мүмкін емес. Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 40 жылдарының бірінші жартысында жарық көрген «Қазақ КСР-інің тарихы» деп аталатын алғашқы академиялық басалымда да осы мәселелерге көңіл аударылғанын көруге болады. Сол кезде тарихшылар Қазақ хандығының бұрынғы Алтын ордадан бөлінген мемлекеттермен сабақтастығын нақты көрсетті.

Осылайша, бүгінгі конференциямыздың мәні зор. Конференция аясында орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан мен Жошы ұлысының тарихы мен мәдениетіне, сондай-ақ Еуразия далалық аймағымен шекаралас болған Иран, Қытай сынды ірі мемлекеттердің тарихына, көшпелілер мәдениетінің бүкіл әлемдегі орны мен рөліне, көшпелі мемлекеттердегі орын алған саяси оқиғаларға қатысты ғылыми мәселелер талқыланады», – деді Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы.

Жиында Жошы ұлысының тарихы терең ашылды. Алдымен, М. Драгоманов атындағы Украин мемлекеттік университеті тарих факультеті дүниежүзі тарихы және археология кафедрасының аға оқытушысы Пилипчук Ярослав Валентинович Жошы негізін қалаған Алтын Орданың тарихына тоқталды.  Ол «Алтын Орда – батысеуразиялық даланың көшпелі империясы» туралы баяндама жасады.

«Менің баяндамам 1207-1502 жылдар аралығындағы Алтын Орданың саяси тарихына арналған. Алтын Орданың ресми негізін қалаушы – Жошы. Жошы ұлысы іс жүзінде 1207 жылы пайда болды.1224 жылы ұлыстар қайта бөлінді. Батудың тұсында Жошы ұлысы Ұлы Моңғол империясының жеке ұлысына айналды.

Алтын Орда Шығыс Еуропа мен Еуразия далаларының тарихында маңызды рөл атқарды. Бұл қазақтардың, ноғайлардың, қазан татарларының, құмықтардың, қырым татарларының отаны болды. Алтын Орданың тарихы әлемдік ғылыми орталықтарда белсенді түрде зерттелуде. Сондықтан менің де зерттеу жұмысымның мақсаты – Алтын Орданың саяси тарихын зерттеу. Зерттеудің негізгі объектілері Жохидтер мен Хулагуидтер және Тимуридтер арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ Ючид ішіндегі хандық қатынастар болды», деді Пилипчук Ярослав.

Сонымен қатар, Жошы заманындағы сопылық та зерттеліп, конференция барысында талқыланды. Бұл жөнінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Еркін Байдаров «Жошы ұлысындағы Сопылық пен Яссауидың рухани мұрасының рөлі» атты баяндамасында айтып берді.

Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Даниярұлы Дүйсенов “Жошы ұлысы мен Мәмлүктер мемлекеті арасындағы тілдік-мәдени байланыстар” туралы баяндама жасады.

Ол Жошы ұлысы мен Мәмлүктер мемлекеті арасындағы тілдік-мәдени байланыстар тарихымызда маңызды орын алатынын, екі мемлекеттің де мәдениеті мен тілі бір-біріне әсер етіп, ортақ құндылықтарды қалыптастырғанын айтты.

«Жошы ұлысы мен Мәмлүктер мемлекетінің тілдік-мәдени байланыстары — тарихымыздағы маңызды аспект. Бұл байланыстардың зерттелуі келешек ұрпаққа мол ақпарат береді.

Мәмлүктер мемлекетінде жазылған мұралардың тілін зерттеу түркітану ғылымының қыпшақтану саласының бүгінгі таңдағы өзекті мәселесі. Қазақ және тағы басқа түркі тілдерінің тарихын тану үшін ортағасырдағы Мысыр мен Шам мемлекеттерінде жазылып қалған жәдігерліктерді танып-біліп, баршаға таныту бүгінгі күннің талабы болып отыр. Әйтсе де бұл жадыхаттардың ғылыми айналысқа түспей, қалыс қалып келе жатқан тұстары көп. Бабалардың басқа елде өз тілі мен ділін сақтап, мемлекеттік деңгейде ұстап құрметтеуін бүгінгі күні үлгі тұтып, рухани азыққа айналдыру ұрпақ парызы».


Бағдат Дүйсенұлы зерттеуінде, ХІІІ ғасырда Мысырдың мемлекет басына Мәмлүктер келетінін, сол арқылы тілдік байланыс та орнайтынын жеткізеді.

«Өз еңбектерінде тарихи деректемелер мен құжаттарға сүйене отырып жазған арабтың тарихшысы –Амин әл-Холи «арабтардың қыпшақ тіліне деген қызығушылығы Мәмлүктердің билікке келуінің әсерінен» деп куәлік етеді. ХІІІ-ХІV ғасырларда түркі тілін үйренуге деген құлшыныс Мысыр мен Шам елінде түркілердің көптігінен, сонымен бірге қыпшақтардың да санының артуынан болуы керек. Әкімшілік, іскерлік, елшілік қарым-қатынастың барлығы өз ана тілдерінде жүргізілген. «Қыпшақ сұлтандарына хаттама-хабарлар көбінесе түркі тілінде жазылып, жіберілген», – дейді Бағдат Дүйсенұлы баяндамасында.

Сонымен қатар, конференцияға онлайн қатысқан Жапонияның Рицумейкан университеті Кинугас ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Кайхе Айсиногоро «Шығыс-Солтүстік Азия мәдениеті әсерінде қазақ қоғамының дамуы және өзгеруі: Батыс Лияо-дан Цин империясына дейін» тақырыбында баяндама жасаса, Жапониядағы Тохоку Гауин университетінің визитинг-профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбділәшімұлы Дүйсенәлі «Қазақ хандығы дипломатиясы: Цин патшалығына жолданған хаттарда кездесетін шекаралық өңірдегі оқиғалар» атты тақырыпты тереңінен түсіндірді. 

Конференция барысында Жошы заманындағы әйел теңдігі де сөз болды. Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетінің Шығыстану факультетінің деканы, профессор Эльмира Маратқызы «Көшпелі қоғамдағы гендерлік стратификация: әлеуметтік-саяси аспект» атты баяндамасында өзекті тақырыпты қозғады. Зерттеуінде ол сол заманның әйелдерінің еркін бейнесін сипаттап берді.

 Одан бөлек, үш сағатқа созылған ғылыми-конференцияда Шығыс елдерінің саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық проблемалары саласындағы зерттеулердің нәтижелері қарастырылады.

Айта кетейік, конференция үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және офлайн/онлайн форматта жүргізілді.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының баспасөз қызметі

 

https://pria.org/https://oia.umb.ac.id/https://empowerment.co.id/https://pustakailmiah.id/https://zonasultra.id/https://www.kendariaktual.com/wp-includes/site/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/